Қатаң құпия: Астанада Тауман Назарбаевтың тойы қалай өтті?
Астанада экс-президент Тауман Назарбаевтың үйлену тойы өтті. Салтанатты кеш көлденең көзден тасада өткенімен, желіде шараға қатысты кейбір деректер жарияланды.
ТҮСІРІЛІМГЕ ТЫЙЫМ, ҚАТАҢ ТЕКСЕРІС
Желідегі деректерден белгілі болғандай, той Астанадағы The Ritz-Carlton қонақүйінде өткен. Кеш өтетін аумаққа сырттан келген адамдарды жақындатпаған. Қонақүйдің лоббиінде уақыт өткізгісі келген келушілерге мұнда «өте маңызды іс-шара» өтіп жатқаны айтылған.
Мерекеге келген қонақтардан ұялы телефондарын арнайы қаптарға салып, жауып қою сұралған. Яғни фото-виде түсіру мүмкіндігі болмаған.
ТОЙДА КІМДЕР ӨНЕР КӨРСЕТТІ
Кеш барысында өнер көрсеткен әншілердің бірі – Jah Khalib. Телефон камераларын пайдалануға рұқсат берілмегенімен, желіде кейбір қонақтардың әншімен түскен суреті жарияланды.
ТОЙДАН КЕЙІНГІ АФТЕРПАТИ
Тойдан кейін қонақтардың бір бөлігі кешті әрі қарай Lilou Bar-да өткізген. Осыған байланысты мекеме сол күні қарапайым келушілер үшін жұмысын тоқтатқан. Бар әкімшілігі бұл туралы Instagram парақшасында алдын ала хабарлаған.
«We are closed today. Бүгін есігіміз жабық. Ертең әдеттегі режимде жұмыс істейміз», – делінген мекеме хабарламасында.
ТАУМАН НАЗАРБАЕВ КІМ?
Тауман – Нұрсұлтан Назарбаев пен Әсел Исабаеваның үлкен ұлы. Әсел Исабаеваны жұрт Әсел Құрманбаева деген атымен де таниды.
Қазақстанның тұңғыш президентінің екінші отбасы туралы ақпарат ұзақ уақыт бойы ресми түрде айтылған жоқ. Бұл тақырып туралы бұған дейін түрлі ақпарат пен болжам тараған.
2023 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Менің өмірім. Тәуелділіктен еркіндікке дейін» атты мемуарында Әселмен мұсылмандық дәстүр бойынша некеге тұрғанын жазды. Осы отбасында екі ұл дүниеге келген: Тауман – 2005 жылы, Байкен – 2008 жылы.
НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАҢА ҚҰДАЛАРЫ
Тауманның жары Айдана Сарсембаева – бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, сондай-ақ бір кездері «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясын басқарған Әділбек Сарсембаев пен Әлия Иманбаеваның қызы.
Айдана 2004 жылғы 24 желтоқсанда дүниеге келген.
Оның әкесі мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек еткен. Сәрсембаев елорда әкімдігінде, Президент Әкімшілігінде қызмет атқарған. Сондай-ақ Петропавл қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болды. Кейін «Қазақстан инжиниринг» компаниясында жұмыс істеді.
2021 жылы Әділбек Сарсембаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл лауазымды ол 2022 жылғы тамызға дейін атқарды.
фото: aikyn.kz
12:09
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.